Жаңалықтар
Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы: деректер мен алғышарттар
19 қыркүйек, 2019
ақпарат көзі
мақаламен
бөлісу
дерек
көздеріне
сілтеме
17-18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Жаһандық инновациялық Саммит 2019 аясында астана әкімінің орынбасары Малика Бектурова "Нұр-Сұлтан 2050" стратегиясы туралы әңгімеледі. Бұл құжат Strategy Partners консалтингтік компаниясының (Сбербанк тобына кіреді) және Зерттеу және консалтинг орталығының (Нұр-сұлтан қ.) қолдауымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленді.
"Нұр-Сұлтан 2050 жылы жергілікті тұрғындар үшін жайлылық пен ұтқыр таланттар үшін тартымдылық, бірегей қазақстандық мәдениет пен ашықтықтың жоғары деңгейі үйлеседі және Еуразиядағы өмір сүрудің ең үздік орындарының бірі болады. Бұл астананың даму стратегиясында баяндалған, қысқа таныстырылымы Жаһандық инновациялық Саммит 2019 аясында өткен мақсатты пайым", - деді Бектурова.
2050 жылы қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 82 жылды құрайды, сонымен қатар қала халқының саны 2,4 млн адамды құрайды.
"Халықаралық стандарттар бойынша елорда шынымен қауіпсіз қалаға айналады, қылмыс деңгейі, оның ішінде қауіпсіздік технологияларын кеңінен қолдану есебінен азаяды. Экономикалық даму деңгейі бойынша Нұр-Сұлтан солтүстікамерикалық және батыс еуропалық қалалардың бүгінгі мәндеріне жетеді. Ал тікелей шетелдік инвестиция ағыны 2,2 млрд АҚШ долларынан асады", - деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, назар аударатын негізгі бағыттардың бірі - туристерді көптеп тарту болып табылады.
"Бұл астана, мұнда инфрақұрылым маңызды. Біз қызықтыратын басты туристер - бұл MICE туристер (іскерлік және оқиғалық туризм). Осы саммит, сондай-ақ конференциялар, Нұр-Сұлтанда өтетін чемпионаттар сияқты шараларды өткізу арқылы қалаға көбірек адамдарды тартуға тырысып жатырмыз", - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.
Қала сондай-ақ жаһандық экономикалық байланыстарға интеграцияланған болады: трансұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдар өкілдіктері көбейеді, әуе тасымалдарының жолаушылар айналымы 11 млн адамды құрайды, ал қалалық университеттердегі шетелдік студенттердің саны 15 мың адамға жетеді. Осының барлығы 2050 жылы Нұр-Сұлтанға әлемнің ең дамыған 30 экономикасының қатарына кіретін мемлекет астанасының мәртебесіне сәйкес келуге мүмкіндік береді.
"Болашақта Нұр-Сұлтан, бірінші кезекте, өмір үшін жайлы және қонақжай қала болуы тиіс. Жайлы қала - бұл қалалықтарға қолжетімді заманауи тұрғын үй, қоғамдық денсаулық және дамыған денсаулық сақтау жүйесі, барлығына қолжетімді және сапалы білім беру, қатты жергілікті климатқа бейімделген ыңғайлы және экологиялық қалалық орта және тиімді көлік жүйесі. Бұл сондай-ақ, базалық әлеуметтік игіліктердің қол жетімділігі қамтамасыз етілген шеті жоқ қауіпсіз және инклюзивті қала", - деп атап өтті Strategy Partners компаниясының басқарушы серіктесі Александр Идрисов
Өз кезегінде, Strategy Partners компаниясының серіктесі және 2050 Стратегиясын әзірлеушілер ұжымының тең басшысы Алексей Праздничных, болашақ Нұр-Сұлтан - бәсекеге қабілетті және тұрақты өсіп келе жатқан қала екенін айтты.
"Астананың экономикалық жетістігінің негізгі құрамдас бөлігі сапалы жұмыс орындары, жаһандық бәсекеге қабілетті кластерлер, дамыған инновациялық экожүйе және жоғары кәсіпкерлік белсенділік, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар болып табылады", - деді Праздничных.
Осылайша, стратегияны әзірлеушілер 2050 жылға қарай Нұр-Сұлтан әлемдік саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени күн тәртібіне жоғары кіріктірілген қала болуы тиіс деп санайды. Елорда толыққанды халықаралық көлік хабына айналып, университеттік білім берудің халықаралық орталығы ретінде халықаралық қаржы және бизнес-хаб ретінде іске асырылуы, еуразиялық кеңістікте іскерлік және оқиғалық туризмінің маңызды орталығына, саяси диалог үшін танымал алаңға және халықаралық ұйымдардың хабына айналуы тиіс.
"Нұр-Сұлтанның ұзақ мерзімді көрінісі – қала-платформа, фронтир қала, түркі, Еуропа және ислам мәдениетінің үздік мәдени дәстүрлерінің қорытылған орны. Қала өз экономикасын білім мен жасампаздыққа негіздейді. Ол өңірдегі талантты және жасампаз адамдарға жағдай жасайды", – деді Зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі және Нұр-Сұлтан 2050 Стратегиясын әзірлеушілер ұжымының тең жетекшісі Әнуар Боранбаев.
Нұр-Сұлтан 2050 Стратегиясының өршіл мақсаттарына қол жеткізу үшін қалалық әкімдіктің іс-қимыл жоспары ұсынылады, ол аумақты дамытудың жаңа бесжылдық бағдарламасының негізіне айналуы тиіс. Бұл құжатта қалалық дамудың 9 негізгі бағыты бөлінген: өсіп келе жатқан және тұрақты экономика, сапалы және қолжетімді тұрғын үй, сапалы денсаулық сақтау, халықаралық кластағы білім мен біліктілік, халықаралық байланыс, интеграцияланған көлік жүйесі, жайлы қалалық орта және қонақжайлылықтың тартымды инфрақұрылымы, заманауи инженерлік инфрақұрылым, эталондық қауіпсіздік.
Айта кетейік, Strategy Partners Ресейде, Қазақстанда және Еуразиялық аймақтың басқа да елдерінде жұмыс істейтін стратегиялық консалтинг саласындағы жетекші компаниялардың бірі болып табылады.
Зерттеу және Консалтинг Орталығы - 2013 жылы құрылған қазақстандық талдау орталығы. Компания экономикалық саясат саласында зерттеулер жүргізеді және стратегия, операциялық тиімділік және бизнес пен мемлекеттік ұйымдар үшін өзгерістерді басқару саласында консультациялық қызметтер көрсетеді.
мақаламен
бөлісу
дерек
көздеріне
сілтеме
барлығын көрү